Агзат АБДРЕЕВ
«Жетісу жетісі» номинациясы беріле бастағалы, оған қол жеткізген жігіттердің мақалаларын қызығушылықпен оқып, қарап шықтым. Бірақ өзім сол номинация бойынша бәсекеге түсуді жөн көрмедім. Неге екенін сөзбен айтып, жеткізе алмаймын. Мүмкін, жылдар бойы аң-құсты атып, оны жай ғана балалық іс-әрекетімнің жемісі дедім бе, әлде ешкімге аңшылық дәрежемді дәлелдеудің керегі жоқ деп санадым ба, білмедім. Бірақ не дегенмен, биыл алға мақсат қойып, саятшылық маусымы ашық деп жарияланғаннан бері рұқсат етілген құстарды атып көрдім. Оңай табылатын топ кептерлерді бала күнімнен айырсадақпен қырманнан ату ермек болатын.
Көп жылдан бері атпаған дыркептерді(вяхирь) әкем екеуіміз ауылдан әлдеқайда қашығырақ жерден, биік қарағаш басынан іздеп таптық.
Біраз уақыттан кейін үйректі атуға мүмкіндік туды. Оны әкемнің демалыс уақытын пайдалана отырып, отыз жылдан астам уақыт үзбей барып жүрген Таластың жағасынан да, көлшіктерден де біразын жайратып салдық.
Бөденені қолға түсіру қиынның қиыны екеніне көзім жетті. Жастық шағымда інім екеуіміз жоңышқаның түктерін тракторға басқан кезде топ-тобымен қашатын бөдене сол уақытта оңай табылмады. Негізі әкем де, інім де оларды атпайтын. Оқ-дәрі қымбат болғандықтан, кішкентай құсқа жаратқанша, қаз-үйрек, қырғауылды атқанды жөн санайтын. Маған бөденені ату қиын деген аргумент мүлдем шындыққа жанаспайтындай көрінеді. Себебі оның еті балғын, итпен ауласа бір ғанибет. Ит қырғи, ителгі, лашын секілді құстардың иісін сезе қалса не жоғары ұшқанын көрсе, соны аңдып, қуып жетуге тырысады. Сол кезде өзімді ителгіге саятшылық жасап жүрген, шейх, арабтар секілді сезінетін едім. Ал номинацияға оралатын болсақ, 3 рет бөдене алу үшін тіземді тікенге толтырып, араға шағылып, ондаған километр жаяу жүруіме тура келді. Тіпті, ШЫМҚАЛАҒА БАРЫП, СОЛ ЖАҚТАН САЯТШЫЛЫҚ ҚҰРАМЫЗ ДЕГЕН ОЙ ДА БОЛДЫ. Сондай жоспарды іске асыру үшін жоңышқа ішінде мылтық ұстап келе жатсам, аяқ астынан кішкентай құс пыр етіп ұша жөнелді. Санаулы секунд аң-таң болып, содан кейін бас траекторияны санап, қол мылтықты автоматты түрде иыққа тіредім.
Сол титтей ғана құсты көздеп, шүріппені баса салдым. Атылған құс жерге топ етіп құлаған соң, содан көз жазбай, итіммен дереу сол жерге бардым. Осы құс қанжығаны майландырған соң, шаруаның 90 %-ы бітті деп санадым.
Осыдан 1-2 жыл бұрын Қазақстанның ohotniki.kz ватсап чатында әзілмен тура осы ойды жазып едім: «Егер бөденені атсаң, жұмыстың 90 пайызы орындалды деп есепте. Одан кейін осы бәсекені ойлап тапқан Қажымның қару-жарақ дүкеніне барып, есігін теуіп ашып, Менікін алып кел деп ізденген жандарға талап қойса болады». Мұны сарказм деп санау керек. Әрине, ол кісімен тату-тәтті араласамыз. Қамшының ұшындай қысқа өмірде аңшылар тізе қосып, шенділердің «диллетантты» шешімдеріне төтеп беру керек. Оған мысал ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің экс-пресс-хатшысы Самал Ибраеваның маған және де менімен бірге Африкаға аттанған жолдастарыма үндеуі.
Келесі қолға түскен қанатты құстың түрі – кекілік. Таң азанымен ұйқыдан тұрып, әкемнен саятшылық құруға барасыз ба деп сұрағанымда, ол тауда жүргісі келмейтінін жеткізді. Содан кейін тек өзіме сенім артып, қос мылтықты көлікке салдым. Жол – жөнекей түннен тойып шыққан қасқырды жатағына бара жатқан жерінен тосып алу ойымда болды. 2 сағат дүрбі салып, мұқият қарап, ит-құстың біреуін де таппадым. Жайланып жүрген аң көрінбеді. Күн шыққан соң көлікке қайтып келіп, карабинді қауашағына салып, түріктің сенімді «IMPALA PLUS» атты 12к. тегіс ұңғылы мылтығымды шығардым. Қорым тас арасынан кекілік көрінбегенімен, алыста ұшып жүргені еміс-еміс байқалып жатты. Тау басынан жоғары қарай әрі жылдам ұшып бара жатқан кекілікті 2 реттен атып көрсем де, оғым тимей, мүлт кете берді. Судың қасында жайылған кекіліктерге көрінбеу үшін келесі сайға түссем де, әлгі сақ құстар мені естіп, жоғары өрлей қашты. Жақынырақ барайын деп артынан жүгірдім. Таудан енді асып бара жатқан кезде ғана бір құсты атып, олжалы болдым. Сол күні осы бір ғана кекілікті қанағат тұтып, үйге қайттым.
Кейін, аутфиттер болған соң, «аңшы клиентпен» еліктің текесін қоржынға түсіріп қайтып келе жатсақ, бір топ кекілік жолды кесіп өтті. Көлікті бірден тоқтата салып, жинап қойған мылтықты қайта алып, оқтап, артынан қудым. Осы кезде де бұйырғаны – жалғыз кекілік. Әншейінде топ-тобымен жүретін құс еді. Бірақ мақсат қойып, тура соны алуды көздесе, бірі де қолға ілінбей кетеді-мыс. Өкінішке орай, ұялы телефоным сол сәтте өшіп қалғандықтан, атқан бір ғана құсты да суретке түсірмедім.
Қарашаның 12-сі ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Аманғалиұлы Брекешев Тараз қаласына келіп, аңшылыққа байланысты өзекті мәселелерді халықпен талқылады.
Аңшылық шаруашылығындағы жанайқай естіліп тұрған мына заманның күрделі мәселесін жеткізу үшін мұндай мүмкіндікті жіберіп алуға әсте болмайды. Мен де ел қатарлы қалмай баруға оқталдым. Өйткені жай ауыл әкіміне кіру үшін, бірінші, қарауылға азамат не үшін келгенін түсіндіру керек. Одан кейін әкімшілікке кіріп-шығатын адамдар тізімін жазатын журналына тіркеліп, хатшыға ескертуін өтінеді. Ол тыңдағандай болып, «Әкімнің қолы бос емес, пәленше күні келіңіз, кездесеміз», – деп еріксіз жымиып шығарып салады. Одан кейін ұмытылып, әкімге кіру жырға айналғанын өз көзіммен көрдім. Ал министрдің алдынан өту үшін тосқауыл геометриялық прогресс секілді оның бесінші орынбасары, үшінші пресс-атташесімен өспек. Мүмкін телефонымызды да өткізетін шығармыз. Бюрократия көп. Дегенмен, аталған күні аңшылығымды қимай, сағат онға дейін үлгеремін деп, 1-2 үйрек атып келдім. Жиынға шаруалар өтініштерін айтып жатқан кезде сәл кешігіңкіреп барып, өз кезегімді күтіп, сөз алып, Шу-Талас өңірінде қарабай, суқұзғынның (баклан) күрт өсуі балық шаруашылығына аз уақытта кері әсерін тигізетінін айттым. Оны шешу жолдарын да ұсындым: бір атылған суқұзғынға 2 дайын оқ беру. Сол оңай шешім қанша аңшыларға стимул болар!
Ендігі басты мәселе – Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы табиғат пайдаланушыларынан ондаған жылдар бойы қорғаған аңшылық шаруашылығын тартып алуға оқталуы. Ол не деген опасыздық! Абсурдтты шешім деп есептеймін. Бұрын сол жер мемлекет тарапында болған кезде, ол жақта браконьерлік анархия орын алған. Кез келген аңшы сымақ келіп, көрінген аңды жайратып сала берген. Бірақ арасында сұрмергені бар қырғыздың браконьерлері шекара өтіп, малымызды да айдап, аңымызды да қырған. Жалақысы төмен, социалды пакеті, материалды – техникалық базасы, еш мотивациясы жоқ орманшылар мен мемлекеттік инспекторлар шәй-пұл, арағын алып, аңшыларға қалаған жануарының санын да санамай, көздерін жұмып атуына келісім берген.
Нарықтық экономика заманында мемлекет ең тиімсіз менеджер екенін мектеп оқып жүрген оқушы да біледі. Оған қоса, уақытша шенді қызметкер дәуірінде 90-шы мен 2000 жылдар аралығындай аңшылық шаруашылығы күйреуге жақын. Көптеген мысал оған дәлел – киік мәселесі, дуадақтың, арқардың, бекіренің күрт азаюы және т.с.с. Ол аз болғандай, егер таудың барлығын тартып алып, саятшылық ұйымдастырмай, тау жабылатын болса, біздер – аңшылар, протестті саятшылығымызды өткіземіз. Яғни, әлгі көкелер жоқ жерден бізді браконьер деп айыптап отыр.
Номинациядан ауытқып кетіппін, жалғастырайық.
Биыл қырғауыл ату мерзімі кеш басталды. Дегенмен оның рұқсат қағазын алған соң, итімізді жанымызға ертіп, шеңгел арасынан іздеуді бастадық. Ең бірінші құсты інім атып алды. Ішімнен маған да сондай қораз бұйырса екен деп тілеп жатқан кезде, аяқ астынан одан да дәу қораз ұшты. Сәл шүріппені жіберіңкіреп барып атқан кезімде қуанғаным-ай! Көптен күткен әсем құс құрығымда. Біраз уақыттан кейін ohotniki.kz топ мүшелерімен бас қосып, Алматы облысы, Ұзынағаш ауылының қасында, қырғауылға ұжымдық жорықты ұйымдастырдық. Күн суық. Қырғауыл іздері аз болғанымен, қабан-елік іздері басым. Бау-бақшада алманың үсімей, қып-қызыл болып тал басында қатып тұрғаны көзді қуантты. Жиналыс көтеріңкі түрде өтіп, аңшылардың ешқайсысы үйіне олжасыз қайтқан жоқ. Ал рұқсатқағазындағы атылғын құс саны жартысына да жетпей, жабылды.
Қазақ еліндегі аң-құстың сан алуаны-ай! Басым бөлігі – жеуге жарамды саятшылық құруға рұқсат берілген түрі. Алайда, елдің көбі тек қана жоғары санатты құстарды атуға әуес. Ал ондаған шалшықты тәріздес құстар аңшылардың назарынан тыс қалады. Көрші елдерде жылқышы(вальдшнеп) құсын ату үшін атқыштар көктемде мыңдаған километр жүреді. Ол құстың сирек кездесетіндігінен деп санаймын. Ал біздің елде ол құсты менсінбей атпайды. Тіпті снайпер сөзіне негіз болған тауқұдірет құсы киелі қазақ жерінде туылып, өсіп, балапан басып, аңшыдан емес, өз ажалынан немесе табиғи өлімнен қайтады.
Бәсекелестік үшін ерекше құс – ұлар. «Ұлытауға шықтың ба, ұлар етін жедің бе?»,- демекші, енді Торғайдағы қазақ хандығының кіндік тауына шығу қалды. Бөденеге қарағанда , биыл ұлар оңай атылса да, оған жету үшін біраз маңдай терін төгу керек. Атпен 8 сағат жүріп, ағыны қатты тау өзендерін кешіп, асулардан өттім. Тау басында түнеп, таңғы асымды ішіп, таудың ең сақ құсын іздей бастадым. Қиқулаған даусын естіп, аттың басын сол жаққа бұрдым. Тау шыңына жетіп, атқа кісен салып, дүрбімен іздей бастадым. Көп күтпей, оңай тауып алып қарасам, өздері мен жаққа жайылып келе жатыр екен. Маған тек қана сабырлық сақтап, әбден жақындаған кезде, номинацияны жабу үшін, мылтық шүріппесін басу қалды.
Осымен бұл қызық квест аяқталды. Алып кел, «менікін»! Алып кел!
Метки: Агзат АБДРЕЕВ